Жолаушылар көлігі саласы бойынша
Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінгі күні 375 мыңдай автокөлік құралдары тіркелген, оның ішінде 191 мыңнан аса автокөлік Шымкент қаласында. Күнделікті облыстың жолаушылар бағыттарына қызмет көрсетуге саны 2,6 мыңдай жолаушылар автокөлігі шығады.
Оңтүстік Қазақстан облысындағы автомобиль көлігімен жолаушылар тасымалдау бағыттарының жүйесі бүгінгі күнде 467 бағыттан тұрады, олардың ішінде: 145 қалаішілік (95 бағыт Шымкент қаласында), 167 ауданішілік, 157 қалааралық және ауданаралық бағыттар. Автомобиль жолдары салынбағанын қоспағанда, қазіргі уақытта облыста бағыттар жүйесімен қамтылмаған елді мекендер жоқ.
Облыс тұрғындарына жолаушылар көлігімен қызмет көрсету қызметін66 жеке тұлғадағы тасымалдаушылар жүзеге асырады. Облыс аумағында 32 автовокзалдар мен автобекеттер тізілімге енгізілген, оның ішінде 6 автовокзал Шымкент қаласында орналасқан.
2009 жылдың ақпан айында тұрақты жолаушылар тасымалдау бағыттары бойынша Шымкент қаласының темір жол вокзалынан және Ордабасы алаңынан ретсіз жолаушылар тасымалдаумен айналысатын автобустардың жұмысын тәртіпке келтіру мақсатында, Шымкент қаласы әкімдігінің, Жол полициясы басқармасының және Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, рейдті іс-шаралар атқарылды. Темір жол вокзалы аумағынан аттанатын автобустардың жұмысын қадағалау және реттеу мәселесі бақылауға алынды.
Сонымен қатар, облысаралық қалааралық тасымалдаудың жағдайын зерттеу мақсатында, қаңтар-ақпан айларында бөлім қызметкерлері «Шақпақ» және «Ақжар» тұрақты бекеттерінде автобустардың жұмысына мониторинг жүргізді. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шара көру үшін, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясына хаттар жолданды.
Сондай-ақ, Сарыағаш қаласы және Мақтарал ауданда тұрақты емес тасымалдаумен айналысатын автобустардың жұмысы зерттелді. Зерттеу нәтижесінде ретсіз тасымалдаумен айналысатын автобустардың жолаушылар тасымалдау құқығын беретін құжаттарсыз және белгіленбеген жерлерден заңсыз шығатыны анықталды. Барлық заң бұзушылықтар видеоға және фотосуретке түсірілді. Ретсіз тасымалдаумен айналысатын автобустардың жұмысына қатысты облыс әкімінің хаттамалық шешімдерінің орындалмағаны туралы Шымкент қаласының, Мақтарал және Сарыағаш аудандарының әкімдеріне зерттеу нәтижелері бойынша тиісті хаттар жолданды.
2009 жылғы 9 қаңтарда облыстағы жолаушылар көлігі кәсіпорындарының, автовокзалдар мен автобекеттердің және ОҚО ІІД Жол полициясы басқармасының және Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясы басшыларының қатысуымен 2008 жылдың қорытындысы және алдағы 2009 жылы атқарылатын жұмыстар туралы кеңейтілген жиналыс өткізілді. Сондай-ақ, осы жиналыста Ауған соғысы ардагерлерін облыс аумағындағы қалааралық бағыттарда тегін тасымалдау туралы шешім қабылданды.
2009 жылдың басынан бері Қазығұрт ауданында «Береке», Сайрам ауданында «Ақсу», «Ақсукент», Сарыағаш ауданында «Сайран Жібек жолы», «Ер Дәуіт» автобекеттері іске қосылып, облыстағы автовокзалдар мен автобекеттер тізіліміне енгізілді.
Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрлігінің тапсырмаларына сәйкес, сәуір – мамыр айларында облысаралық қалааралық бағыттарға қызмет көрсету үшін өтініштер қаралып, осы бағыттарға қызмет көрсететін тасымалдаушылар анықталды.
2009 жылда конкурстар өткізу кестесі әзірлеп, облыс әкімінің бірінші орынбасарымен бекітілді. Бекітілген кестеге сәйкес 4 конкурс өткізілді.
Тұрғындардың өтініштеріне сәйкес, 4 автобус бағыты ашылды - «Шымкент – Арыс, Бадам арқылы» ША, «Түркістан-Қыземшек», «Түркістан – Жетісай» және «Кентау – Жетісай».
Облыстағы автовокзалдар мен автобекеттерден аттанатын барлық бағыттардың кестелеріндегі жүретін уақыттары мен жол ақысына тексеру жүргізілді.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Оспанов төрағалығымен 2009 жылғы 7 және 25 мамырда облыс аумағында ретсіз жолаушылар тасымалдаумен айналысатын көліктердің жұмысын тәртіпке келтіру туралы жиналыстар өткізіліп, бірлескен іс-шаралар жоспары бекітілді. Аталған іс-шараның 1 тармағына сәйкес, 2009 жылғы 25 мамырдан 25 маусым аралығында жолаушылар тасымалдаумен ретсіз айналысатын көліктердің жұмысын реттеу мақсатында Шымкент қаласында, «Шақпақ», «Қызылту» бекеттерінде және Түркістан қаласына шығатын бағытта бір айлық рейдті тексерулер жүргізілді. Аталған рейдті тексерулерге облыстық жол полициясы, ОҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, Шымкент қаласы әкімдігінің, Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының, «Нұр Отан» халық демократиялық партияның, Шымкент қаласы бойынша салық комитетінің қызметкерлері қатысқан болатын. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, қолданыстағы көлік саласындағы заң талаптарын орындамаған көлік жүргізушілеріне жол полициясы және көліктік бақылау инспекциясы тарапынан 233 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылып, ал 6 көлік айып автотұрағына қойылды.
Қалалық бағыттардың бекітілген кестеге сәйкес кешкі сағат 20.00 – 22.00 аралығында жолаушыларға қызмет көрсетуін бақылауға алу мақсатында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының, қалалық әкімдіктің және «Диспетчерлік қызмет орталығы» ЖШС-і қызметкерлерінен тұратын жұмыс тобы құрылып, 2009 жылғы 22 маусымнан бастап күнделікті рейдтік іс-шаралар өткізілуде. Сонымен қатар, бұл шараларға көлік компанияларының жол қауіпсіздігі инженерлері тартылып, олардың кезекшілік кестесі түзіліп, кестеге сәйкес бекітілген қала көшелерінде олар бағыттардың жұмысын қадағалауда. Бүгінгі күнге дейін барлық қалалық бағыттардың кешкі уақыттағы жұмыстары қадағаланып, біраз көлік компанияларына шара көрілді. Атап айтқанда, «Асыл» ЖШС-мен 7 бағытқа (№№21,80,86,89,51,25 автобус және 125 шағын автобус бағыттары) түзілген келісім-шарттар бұзу жөнінде сотқа арыз-шағым берілді. Ал «Ман-Оңтүстік» ЖШС-не 3 бағыт (№№3,8,9 автобус бағыттары), «Санжар-Моторс» ЖШС-не № 78 бағыт бойынша түзілген келісім-шартты бұзу жөнінде заң талаптарына сай ұсыныс беріліп, 23 компанияға 32 бағыт бойынша жұмысты жақсартпаған жағдайда келісім-шарттардың бұзылатыны жөнінде ескерту хаттар берілді. Қалалық бағыттардың кешкі уақыттағы жұмысын қадағалау жалғасуда.
Қоғамдық көліктегі экология жағдайын жақсарту бойынша қалалық әкімдіктің, Шу-Талас экологиялық департаментінің ОҚО филиалының, ОҚО ІІД жол полициясы басқармасының, ОҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының, ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қызметкерлерінен жұмысшы тобы құрылып, 2009 жылдың 26 маусымнан бастап қалалық қоғамдық көліктің жұмысын тексерулер бойынша рейдтік іс-шаралар өткізілуде.
2009 жылдың 26 маусымынан бастап 13 тамызы аралығында 26 рейд өткізіліп, қоғамдық көлік бағыттарындағы 284 көлік құралдарының зиянды тасталымдарының нормаларға сәйкестігі тексеріліп, оның ішінде 115 көліктің зиянды тасталымдары нормалардан асатындығы анықталды. Осы үшін жүргізушілерге ОҚО ІІД жол полиция басқармасының тарапынан 35, ОҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы тарапынан 21 әкімшілік айыппұлдар салынды. Көлік компанияларының басшылары зиянды тасталымдары нормадан асқан көліктерді бағытқа шығармау туралы қатаң ескертілді.
Өткізіліп жатқан рейдтік іс-шараларға «Отырар», «Оңтүстік Қазақстан» телевиденияларының өкілдері 21, 23 шілдесінде және 6 тамызда қатыстырылып, Шымкент қаласы әкімдігінің және Шу-Талас экологиялық департаментінің қызметкерлері тікелей рейд барысында өткізіліп жатқан рейдтердің негізгі мақсаттары мен одан күтілетін нәтижелері туралы сұхбаттар берді.
Аталған рейдтік іс-шаралар барысында тасымалдаушылардың ҚР көлік заңнамалары мен келісім-шарт талаптарын орындауларына тексерулер жүргізіліп, талаптарды бұзғаны үшін жол полициясы тарапынан 139 әкімшілік-құқық бұзушылық хаттамасы, ал көліктік бақылау инспекциясы тарапынан 74 хаттама толтырылып, 5 автобус және 3 шағын автобус айып автотұрағына қойылды.
Автобус бағыттарына шағын автобустарымен қызмет көрсетілетін бағыттарда жол ақысы 35 теңгеге келтірілді (№№ 44, 14, 56, 54 бағыттар).
«Диспетчерлік қызмет орталығы» ЖШС-нің жұмысын жақсарту мақсатында, диспетчерлік сүйемелдеу қызметіне автоматты жүйе ендіру үшін 3 млн. теңге қаржы табу жұмыстары жүргізілуде.
Қаладағы барлық аялдамалардың саны есептеліп, Тізілімі жасалып, бекітілді. Аялдамалардың жалпы саны 723, оның ішінде 400 аялдама жаңадан орнатылады. Осы мақсатта, 13.06.2009 жылы конкурс өткізіліп, жеңімпаздар анықталды. Бүгінгі таңда 38 аялдама орнатылды. Аталған жұмыстарды аяқтау 2009 жылғы 1 қарашада жоспарлануда.
Темір жол көлігі туралы
Оңтүстік Қазақстан облысындағы әлеуметтік маңызы бар теміржол бағыттарын субсидиялауға 2007 жылы 40 млн. теңге бөлінсе, 2008 жылға 57,9 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар, облыс тұрғындарының көптеген сұранысына сәйкес, үнемделген қаржы есебінен «Шымкент - Сарыағаш» бағыты 08.11.2008 ж. бастап Түлкібас стансасына дейін ұзартылып, поезд аптасына 4 рет жүретін болды.
2009 жылға осы мақсаттарға 66,447 млн. теңге бөлініп, әлеуметтік маңызы бар облысішілік темір жолмен жолаушылар тасымалдау бағыттарына қызмет көрсететін тасымалдаушыны анықтау мақсатында конкурсты өткізу туралы Нұсқаулық дайындалды. 21 мамырда темір жол көлігімен ауданаралық (қалааралық) облысішілік «Түлкібас-Шымкент-Сарыағаш» және «Шымкент-Түркістан» қатынастары бойынша жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыру үшін тасымалдаушыны анықтау мақсатында конкурс өткізілді.
Бүгінгі күнге тасымалдаушы «Қала маңындағы тасымал» АҚ атқарылған жұмыстардың актісіне сәйкес, қаралаған қаржының 33 млн. теңгесі игерілді (6 айдың қорытындысы бойынша).
Темір жол вокзалы туралы
Облыстағы 7 (Шымкент, Түркістан, Арыс, Түлкібас, Манкент, Бадам, Шеңгелді) темір жол вокзалдарының базасында облыстың коммуналдық меншігіндегі «Темір жолы-Қызмет» ЖШС құрылды. 2007 жылы Арыс темір жол вокзалы Арыс қаласының коммуналдық меншігіне берілді.
Қаржы көздерінің жеткіліксіздігіне байланысты қазіргі уақытта «Темір жолы-Қызмет» ЖШС-гі қиын жағдайда отыр. Сондықтан, Оңтүстік Қазақстан облысындағы темір жол вокзалдарын күтіп ұстау үшін қаржы қажет болғандықтан, «Темір жолы-Қызмет» ЖШС-нің жарғылық қорын ұлғайтуға облыстық бюджеттен 2009 жылға 71 млн. 896 мың теңге қаржы қаралды. Аталған қаржыға Шымкент қаласындағы темір жол вокзалын 2009 жылы қайта құрылымдау жұмыстары жүргізіледі.
Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, 2009 жылдан бастап «Темір жолы-Қызмет» ЖШС-ін басқару құқығы басқармаға берілді.
Әуе көлігі туралы
Шымкент қаласы әуе-жайының ұшу-қону алаңын қайта құру жұмыстарына республикалық бюджеттен 2006-2007 жылдарға 5,4 млрд тенге бөлініп, құрылыс жұмыстарын астаналық «КА-Дорстрой» мекемесі толық аяқтады. Ендігі жерде әуе-жайда халықаралық бағыттардағы үлкен ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік туды, сондықтан осы ұшақтарға қызмет көрсету және қажетті мамандандырылған арнайы техникалар алып әуе-жайдың техника-экономикалық әлеуетін дамыту мақсатында «Шымкент Аэропорты» «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясының құрамына беріліп, 2008 жылы 4 арнайы техника алынды.
Сонымен қатар, Шымкент қаласының әуе-жайында жаңа аэровокзал кешенін салу мәселесін концессиялық негізде шешу жоспарланып, тиісті құжаттар ҚР Үкіметіне жолданды.














