«Алтын қор» кадр резерві
Оңтүстік Қазақстан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметкерлерді даярлау орталығында болашақ мемлекеттік қызметшілерді ЖОО озат түлектері қатарынан дайындау мақсатында семинар өткізу дәстүрге айналған.
Тың ойлар, жаңашыл идеялар иесі жастар болмағанда, кім болмақ?! Елбасы Н.Ә. Назарбаев ЖОО түлектерін, оқу озаттарын алтын кадр резерві деп бекер айтпаса керек.
Міне, осындай мемлекеттік қызметтің кадр резервіне енетін жастар үшін Оңтүстік Қазақстан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметкерлерді даярлау орталығында 2009ж. 22-24 сәуірі аралығында семинар ұйымдастырылды.
Жастар өз ойларын сауатты жеткізуге, күрделі мәселелерді шешу барысында дұрыс шешім қабылдауға дағдыландырады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасы, үкіметті модернизациялаудың негізгі бағыттары, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметті кадрлық жағынан қамтамасыз ету жағдайы, т.б. оқытылды.
Жастар облыс басшылығына түлектерге қамқор болып отырғаны үшін ризашылығын білдірді, себебі тек Оңтүстік Қазақстан облысында ғана кадр резервін оқытуға қаржы бөлінеді.
Семинар соңында облыс әкімі аппаратының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және ішкі саясат басқармасының қызметкерлерімен кездесіп, өз ойларын ортаға салды.
Семинар қорытындысы бойынша 37 тыңдаушыға сертификат тапсырылды.














